Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым ауылдағы халықтың жай-күйін айтып, жұмыссыздық мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бүгінде елімізде 1,2 миллионнан аса адам ең төменгі жалақымен өмір сүріп отыр.
"Бұл - миллиондаған отбасының шынайы жағдайы, әлеуметтік ахуалы. Ал енді сол адамдардың қолындағы ең соңғы тірегін - ақылы қоғамдық жұмыстарды қысқарту туралы сөз қозғалып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы бұйрығы "жалақысы аз адамдар саны қысқарады" деп бағалануы мүмкін. Бірақ ауылдағы жағдайды көрген адам үшін бұл - жұмыссыздардың саны көбейеді деген сөз. Өйткені шалғай ауылдарда тұрақты жұмыс орындары пайда болып жатқан жоқ. Қысқарып жатқан - ауылға бөлінетін квота. Ал квота қысқарса, ауыл адамының қолындағы соңғы мүмкіндік те жойылатыны түсінікті", - деді депутат.
Ресми дерекке сүйенсек, елімізде еңбекке қабілетті халық саны 9,7 миллионнан асады, соның ішінде 450 мыңға жуық азамат жұмыссыз.
"Бұл - тек тіркелгені. Бұл Үкіметтің есебі ғана. Ал ауылдағы бейресми жұмыссыздықты есептесек, жағдай қаншалық күрделі екенін жақсы түсінеміз. Ауылдық жерлерде көптеген отбасы ақылы қоғамдық жұмысқа қарап отыр. Себебі басқа амал жоқ. Зауыт жоқ, фабрика жоқ, кәсіпорын жоқ. Тұрақты жұмыс болмаған соң халық әкімдіктің табалдырығын тоздырады. Ал әкімдіктің ұсына алатыны уақытша қоғамдық жұмыс қана. Енді сол уақытша жұмыстың өзін қысқартсақ, ол адамдар қайда барады? Баласын қалай асырайды? Қысқы отынды қайдан алады? Бұл сұрақтарға қағаздағы ережелер жауап бере алмайды", - деді ол.
Гүлдара Нұрымның айтуынша, қазірдің өзінде ауылдар босап қалып жатыр.
"Жастар қалаға кетіп жатыр. Бұл - сән емес, амалсыз қадам. Ал жұмыссыздық күшейсе, бұл үдеріс тіпті үдейді. Бұл - әлеуметтік наразылыққа, ішкі көші-қонның күшеюіне, кедейшіліктің тереңдеуіне апаратын жол", - деді депутат.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!