Қазақстанда 110 заңсыз ойынхана болған

Қаржылық мониторинг агенттінің төрағасы Жанат Элиманов Мемлекет басшысына баяндама жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Элимановтың сөзінше, кейінгі төрт жылда тіркелген істер саны екі есе кеміген.

Сонымен қатар, жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын мыңнан астам фирманың қызметі тоқтатылған. 

110 заңсыз ойынхана мен алкоголь өнімін шығаратын 44 жасырын цех жойылды. Былтыр қаржы алаяқтарының қызметін жарнамалайтын 13 мың веб-парақша мен аккаунт бұғатталды.

29 қаржы пирамидасының жолы кесіліп, зардап шеккен азаматтардың 8,3 миллиард теңге көлемінде шығыны өтелген. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 300 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды.

Агенттік үйлестіруімен қаржыны жылыстатуға қарсы ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды. Бұл қолданыстағы заңнаманы халықаралық ФАТФ (FATF) cтандарттарымен барынша сәйкестендіруге мүмкіндік берген.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ адал бизнесті қорғауға, қаржылық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!