Қазақстанда 100-ден астам азамат шетелден әкелген автокөлігін заңдастырды

Қазақстанда 100-ден астам азамат шетелден әкелген автокөлігін заңдастырды
Фото: polisia.kz

Қазақстанда 2023 жылғы 23 қаңтарда шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны басталды. Сағат 18:00-дегі ақпарат бойынша 2 000-нан астам өтініш мақұлданып, оның ішінде 100 адам тиісті құжатын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мамандар көмектесіп жатыр. Мұнда кеңес алып, базалар бойынша құжаттарды тексеруге мүмкіндік бар. Әрбір өтініш жеке қаралады. Қосымша сұрақтар туындаған автокөлік иелеріне қажетті ұсыныстар беріледі.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді.

Заңдастыруға өтінішті е-gov.kz электрон үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.

Ереже бойынша автокөлік Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек, қылмыстық есепте болмауға тиіс, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуге тиіс. Автокөлік заңдастыруға келсе, онда мемлекеттік алымдарды төлеу қажет. Заңдастыру 2023 жылғы 1 шілдесіне дейін жалғасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан