Қазақстан заңнамасында медициналық туризм ұғымы бекітіледі

Қазақстан заңнамасында медициналық туризм ұғымы бекітіледі
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда шетел азаматтарының отандық клиникаларда емделуіне қолайлы жағдай жасау ұсынылды. Тиісті өзгерістер Құрылтай депутаттарының қарауына енгізілген денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген, деп хабарлайды Massaget.kz.

Құжатта алғаш рет "медициналық туризм" және "медициналық турист" ұғымдарын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылып отыр. Бұл бағыттағы жұмысқа клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туристік және сақтандыру компаниялары қатыса алады.

Заң жобасына сәйкес, медициналық ұйымдар шетелдік пациенттерге қызмет көрсететін және оларды сүйемелдейтін арнайы бөлімшелер құра алады. Ал әкімдіктерге медициналық туризмді дамытуға жағдай жасау өкілеттігін беру қарастырылған.

Сондай-ақ медициналық сапарларды ұйымдастыруға жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Бұл пациенттердің келісімшартта көрсетілген қызметтерді толық алуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге қажетті орталықтар, білікті мамандар мен технологиялар бар екенін айтты.

"Біздің міндетіміз – осы әлеуетті дамыту, отандық медицинаға деген сенімді нығайту және оның өсуіне қосымша мүмкіндіктер жасау. Бұл ретте қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі сөзсіз басымдық болып қала береді", – деді ол.

Шетелдік пациенттерді тарту денсаулық сақтау саласына қосымша инвестиция әкеліп, клиникаларды жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл өзгерістер отандық медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, ел тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс.

Massaget.kz
Logotype Massaget