34 жастағы ресейлікке Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері көліктегі ПД-да ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы (Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша бір қылмыстық құқықбұзушылық дерегі тіркелген.
Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабы (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша елде болу ережелерін бұзған 51 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның он төртіне 5 жыл мерзімге елге кіруге тыйым салына отырып, елден шығарылған.
"Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтау әуежайында Қазақстанның азаматтығы туралы заңнамасын бұзған Ресей Федерациясының 34 жастағы азаматшасын анықтады. Шетелдік әйелге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 496-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шешімімен Ресей Федерациясының азаматшасы 200 АЕК (690 мың теңге) мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен өзара іс-қимыл жасау нәтижесінде қос азаматтығы үшін 8 адам анықталып, жауапкершілікке тартылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!