Елімізде атом энергетикасына қажет шикізаттың көзі бар болғандықтан оны дамыту маңызды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Биыл 6 қазанда мен АЭС бойынша өтетін референдумға қатысамын. Мұнда "Қандай технологияны аламыз, қай мемлекетпен серіктес боламыз және оны қалай және қайда (станцияны) орналастырамыз" деген басты сұрақтар бар. Айтылғанның бәрі бір күнде шешілмейді. Оған 10-15 жыл керек", - деді Айдос Сарым.
Оның пікірінше, атом энергетикасына қажет мамандарды дайындауды бүгіннен бастау керек. Себебі саланың болашағы бар.
"Қазақстан үшін атом энергетика кластерін дамыту маңызды. Елімізде оған керек жерасты байлығы бар. Енді оны дұрыс деңгейге жеткізбеу - Құдай алдындағы кемшілік болады", - деді депутат.
Еске салайық, кеше президент Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтетінін мәлімдеген еді.
Жобаны іске асыруға 15,5 млрд теңге керек.
Сондай-ақ бүгін ОСК референдум қалай өтетінін түсіндірген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!