“Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал“. Тоқаев маңызды мәселені айтты

“Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал“. Тоқаев маңызды мәселені айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент әлемдік деңгейдегі жетекші зертханалардың кейінгі дерегіне сүйеніп, дамыған және дамушы экономикалар арасындағы алшақтық тез ұлғайып келе жатқанын атап өтті.

"Жасанды интеллектінің бір ерекшелігі - капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең "технологиялық алшақтықты" қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалық жететінін анық түсіну керек. Еліміз классикалық "Орта табыс дағдарысына" тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ.

"Осы орайда мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді. Негізі бұл цикл бірнеше секундқа дейін қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы жеделдей түседі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget