Қазақстан ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі қамауға алынды

Павлодар облысында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау дерегі бойынша жергілікті тұрғынға қатысты соталды тергеп-тексеру аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бастап "Құсбегілік" федерациясының және Қазақстан ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі болғанына қарамастан, Қарағанды қаласындағы үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.

Ол Instagram парақшасы арқылы табиғи ортадан заңсыз алынған, сирек кездесетін жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан.

"Тінту барысында оның тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс тәркіленді. Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Бұл құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатады. Күдікті қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.

Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner көлігіне тыйым салынды.

Қазір құстар уақытша Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағында. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи ортасына жіберіледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз