Қазақстан Ұлттық банкі доллар бағамының көтерілуіне қатысты түсінік берді

Қазақстан Ұлттық банкі доллар бағамының көтерілуіне қатысты түсінік берді
Фото: tn.kz

Ұлттық банк резервтерді сақтау үшін өзінің ішкі валюта нарығына қатысуын қысқартады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық банк 2015 жылы қыркүйек және қазан айларында биыл 20 тамызда жариялаған теңгенің еркін өзгермелі бағамына өту тәсілінен алшақтап, валюта нарығында валютаны сатуға кірісті. Ұлттық банктің валюта нарығына қатысу үлесі 60 пайызға жетті. Осы кезеңде Ұлттық қор қаражатының және Ұлттық банктің алтынвалюта активтерінің есебінен 5 миллиард доллардан астам валюта сатылды.

"Ұлттық банктің және Ұлттық қордың алтынвалюта активтерін сақтау мақсатында Ұлттық банк 2015 жылғы 5 қарашадан бастап өзінің валюта нарығына қатысуын барынша азайту туралы шешім қабылдады. Бұл Ұлттық банктің еркін бағамды қалыптастыру және инфляциялық таргеттеуге өту жөніндегі бұрын жария етілген саясатына сәйкес келеді", - делінген банктің хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, 5 қарашада теңгенің долларға қатысты айырбастау бағамының номиналды өзгеруі өткен күндегі мәннің 5 пайызын құрады.

"Бұл өзгеріс қаржылық тұрақтылық үшін қауіп төндірмейді және Ұлттық банктің баға тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына қайшы келмейді. Ұлттық банк өзінің сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын және іргелі факторлардың қолданылуын көрсетпейтін бағамның едәуір ауытқуын реттеу құқығын сақтайды. Теңгенің айырбастау бағамының бұдан былайғы серпіні негізінен әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы баға ахуалының серпінімен айқындалатын факторлардың әсерінен қалыптасатын болады", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

М. Бисембаева