Қазақстан, Украина және Чехия полицейлерінің арнайы операциясы: алаяқтардың call-орталықтары жойылды

Қазақстан, Украина және Чехия полициясы интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобын жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

"Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде ІІМ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, интернет-алаяқтыққа шетелдік азаматтардың қатысы бар екенін анықтады. Министрліктің қызметкерлері қызметтік іссапар барысында Украина Ұлттық полициясымен және Чехия полициясымен бірлесіп, интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобының әрекетіне тосқауыл қойды", - деді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Запорожье қаласында алаяқтардың екі call-орталығы жойылды. Қаскүнемдер өздерін банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қазақстандықтарға қоңырау шалып, олардың шоттарының деректерін алуға тырысқан. 9 адам ұсталды. 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм "метадон" препараты тәркіленді.

Одесса қаласында үш алаяқтық call-орталық таратылды. Қаскөйлер жалған инвестициялық компанияларға қаржы салу сылтауымен интернет-алаяқтық жасаған. Мұнда 23 адам ұсталды. 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленді.

"Қазіргі уақытта тергеу және жедел-іздестіру амалдары жалғасып жатыр", – деді Шыңғыс Алекешев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз