Қазақстан үкіметінде дағдарысқа қарсы жоспар таныстырылды

Экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспарды ҚР Ұлттық банкі мен үкімет бірге әзірлеген. Онда 10 жылға арналған нысаналы индикаторлар мен 5 бағыт бойынша 39 іс-шара қамтылған. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев айтып берді.

Ол дағдарысқа қарсы жоспардың екі бөлімнен тұратынын айтты. Біріншісі − 5 негізгі бағыт аясында жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру. Екіншісі − экономиканың өсуін және оған несие беруді ынталандыру бойынша жедел шаралар.

Дағдарысқа қарсы жоспардың негізгі бағыттарына мыналар кірді: бірінші − қаржы секторын тұрақтандыру, екінші − бюджет саясатын оңтайландыру. Үшінші бағыт − экономикалық бәсекелестікті ынталандыру және жекешелендіру. Төртінші бағыт − жаңа инвестициялық саясаттың негіздері. Бесінші бағыт − әлеуметтік жаңа саясат.

Ерболат Досаевтың айтуынша, жедел шаралардың негізгі бағыттары экономиканың шынайы секторына қолдау көрсету; "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында негізгі инфрақұрылымдық жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру; шағын және орта бизнесті дамыту; халыққа арналған тұрғын үйге қолжетімділік дейгейін арттыру; АӨК жобаларын іске асыру; ИИДМБ индустриалды жобаларын іске асыру; халықты жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік тұрақтылық кіреді.

Ерболат Досаев үкімет басшысынан осы жоспарды қабылдауды сұрады. "Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк бірлесіп жасаған 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын мақұлдауыңызды сұраймын", − деді ұлттық экономика министрі Досаев үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке.

Дереккөз: tengrinews