Үкімет жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлді. 2023 жылғы 8 ақпанда тиісті қаулы қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚР Қаржы министрлігіне ҚР және басқа мемлекеттердің аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген ҚР Үкіметінің төтенше резервінен ҚР Сыртқы істер министрлігіне 1 миллион АҚШ долларын бөлу тапсырылды. Өз кезегінде сыртқы саяси ведомство заңнамада белгіленген тәртіппен аталған қаражатты түрік тарапының арнайы шотына аударуға тиіс. Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - Үкімет таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырғаны хабарланған еді.
Бүгін, 8 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, алапат жер сілкінісі салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!