Қазақстан Үкіметі биыл отставкаға кетеді

Қазақстан Үкіметі жаңа Конституция күшіне енген кезде жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттар бірінші оқылымда Президенттің, сондай-ақ, вице-президенттің өкілеттігін бекітетін Президент туралы конституциялық заң жобасын қарап, мақұлдады.

Құжатты талқылау барысында сенатор Бекболат Орынбеков жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тапсыруға тиіс екенін еске салды.

Айта кетейік, 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. Жаңа Құрылтай (қазіргі Парламент - еск.) сайлауы тамызда өтеді. Жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады.

Сонымен қатар, Үкімет пен оның кез келген мүшесі өзіне жүктелген міндетті әрі қарай орындау мүмкін емес деп есептесе, Президентке отставкаға кету туралы өтініш білдіруге құқылы.

Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын жариялаған жағдайда Үкімет Президентке отставкаға кету туралы мәлімдейді. Президент он күн ішінде отставканы қабылдау немесе қабылдамау мәселесін қарайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!