Қазақстан Үкіметі 2017 жылы Парламентке 33 заң жобасын енгізеді

ҚР әділет министрі Марат Бекетаев Үкіметтің 2017 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары бойынша есеп берді, - деп хабарлады primeminister.kz сайты.

М. Бекетаевтың мәлімдеуінше, жоспар жобасы қайта өңдеуден өткеннен кейін Парламентке 33 заң жобасын енгізеді.

Министрдің айтуынша, жоспар жобасын дайындауда Мемлекет басшысының, Үкімет басшылығының тапсырмалары, сондай-ақ Заң шығару жұмысының 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары ескерілген.

«Мысалға алар болсақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатында жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейтуге, жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізуге, бейінді емес бәсекелестік ортада мемлекеттің функциялары мен өзін-өзі басқаратын ұйымдарға аударуға бағытталған заң жобаларын құру жоспарланып отыр», - деді М. Бекетаев.

Сонымен қатар, жоспар жобасы бойынша мынадай жекелеген заң жобаларын құру жоспарланып отыр: «Әкімшілік рәсімдер туралы» (ӘМ), «Әкімшілік іс жүргізу кодексі» (ЖС), «Табиғи монополиялар туралы» (ҰЭМ), «Кинематография туралы» (МСМ), «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша» (ҚМ), «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» (ҰБ), «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» (ИДМ), «Салық және бюджетке төленетін және кедендік реттеу үшін басқа да міндетті төлемдер туралы» (ҰЭМ).

«Бұған қоса, қолданыстағы заңнамаларға да өзгерістер енгізу ойластырылуда. Мәселен, бұл агроөнеркәсіптік кешен, ақпараттық және коммуникациялық, әкімшілік құқық бұзушылықтар және басқа да салалар», – деді Әділет министрлігінің басшысы.

Жалпы алғанда, министрдің мәліметі бойынша алдағы жылы мемлекеттік органдар 23 салада заңнаманы жетілдіруді жоспарлап отыр.