Қазақстан Туын қашан, қайда қолдануға болады? Президент мәнін түсіндірді

Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің пікірінше, Отаншылдық дегеніміз - Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз.

"Алайда Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, "отаншылмын, патриотпын" деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ. Қазір қоғамда "Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?" деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ, еліміздегі, шетелдегі спорттық және басқа да іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қалатынын жеткізді.

"Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады", - деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!