- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақстан" телеарнасы студенттерге...
"Қазақстан" телеарнасы студенттерге арнап арнайы практика ұйымдастырады
"Қазақстан" телерадиокорпорациясы жаз және күз айларында журналистика мамандығында оқитын студенттерге арнап оффлайн практика шараларын ұйымдастырмақ. Бұл жайлы "Қазақстан "РТРК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дана Ахметова айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Медиа сала мамандарын оқытудың 2020-2021 жылға арналған арнайы жоспарына сәйкес, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы былтыр 9 оқыту өткізіп, 166 қызметкердің біліктілігін арттырған. Қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық, мәдени-ағартушылық мәселелері бойынша медиасарапшылар қатыстырылып, білім беру сессиялары ұйымдастырылған.
"Былтыр жаңа медиа, этика және медиа, интернет БАҚ, мемлекеттік БАҚ-тағы экономика тақырыбы, YouTube платформасы, БАҚ-тағы мемлекеттік идеология тақырыптары бойынша тренингтер өткізілді. Биыл 400 қызметкерді қамтыған 30-ға жуық тренинг өткізу жоспарда. 1-тоқсан бойынша 46 қызметкер оқытылды. Әзірше оқытулар онлайн жүргізіліп жатыр. 3-ші және 4-тоқсанда оффлайн режімге көшпекпіз", - дейді Дана Ахметова.
Сөз барысында корпорация өкілі студент жастарды практикаға тарту жағы қолға алынатынын тілге тиек етті. Бірақ қазір емес.
"Осы жылдың жаз және күз айларына қарай студенттерді оффлайн қабылдап, практикадан өткіземіз. Дикция және телехабар тілі, Facebook-те қызықты контент жасау, отандық журналистика, телевизия саласындағы продюсерлік қызмет бойынша шеберлік-сыныптарын өткізуді жоспарлап отырмыз", - дейді Дана Ахметова.
Айта кеткен жөн, ҚР Ақпарат министрлігі журналистика мамандығында білім алып жатқан студенттердің түрлі медиасалада практикадан өтуіне қолдау көрсетпек. Қазақстан корпорациясы да аталмыш жоспар бойынша журналист жастарды практикадан өткізіп, мамандықтың қыр-сырын үйретуге барын салмақ.
Қ. Слямбек