- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан тәуелсіздік алғалы...
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері қанша қандас елге оралған?
Биыл жыл басынан бері 8,7 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,5 пайыз) Қытайдан, 34,7 пайыз - Өзбекстаннан, 5,9 пайыз - Түрікменстаннан, 5,3 пайыз - Моңғолиядан, 3,3 пайыз - Ресейден және 1,3 пайыз басқа елдерден.
Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1 пайыз және зейнеткерлер 9,9 пайыз.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17 пайыз-ы жоғары білімді, 23,2 пайызы орта кәсіби білімді, 55,2 пайызы жалпы орта білімді және 4,6 пайызының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 шілдеге жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1891 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады - бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге - бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 1579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Еске салайық, бұған дейіне биылдан бастап қандастардың оқуға түсу талабы жеңілдегенін жазған едік.
Ғылым және жоғары білім министрлігі және "Отандастар қоры" КеАҚ бірлесіп шетелдегі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарына оқуға түсуге осы жылдан бастап жаңа жеңілдетілген талаптар қабылдады.
Біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін ҰБТ тапсырған кезде шектік бал болмайды.
Екіншіден, бес емтиханның орынына үш емтихан тапсырады(оқу сауаттылығы және таңдаған бағыт бойынша екі бейіндік пәннен).
Үшіншіден, төрт жоғарғы оқу орнын және білім беру бағдарламасын таңдауға мүмкіндік сақталып қалды.
Төртіншіден, қазақ тілін толық меңгермеген азаматтарға орыс тілінде тапсыруға мүмкіндік сақталды.
13 шілдеден бастап, мемлекеттік білім грантын алуға құжаттар қабылдау басталды. Оған талапкерлерден 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина