Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 33 адам қаза тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен 13-ші рет жарияланып отыр. Massaget.kz Қазақстан тарихындағы қаралы күндерді ұсынады.
Қаралы күн қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандарды еске алып, көңіл айту үшін белгіленеді. Бұл күнді белгілеуге қатысты арнайы критерий жоқ.
Жағдайға байланысты президент бір немесе бірнеше күнді "қаралы" деп жариялауы мүмкін. Белгіленген күні мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік ту түсіріліп, телеарналардан ойын сауық бағдарламалар көрсетілмейді.
2006 жыл, 20 қыркүйек. Ленин шахтасындағы жарылыс
Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде болған қайғылы оқиғаға байланысты 2006 жылдың 20 қыркүйегі қаралы күн деп жарияланды. Шахтада метан газы жарылып, 41 адам қаза болған. Жарылыс сақтық шаралардың сақталмауынан және жұмысты ұйымдастыруда жіберілген қателіктен болды.
2008 жыл, 14-16 қаңтар. Абай шахтасындағы жарылыс
2008 жылы 11 қаңтарда Қарағандыдағы тағы бір шахтада метан жарылып 30 шахтер қайтыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 191 адам болған. Құтқарушылар 161 шахтерды шығарып, 23 адамның денесі жер астында қалды. Қаза болғандарға көңіл айту үшін Қарағанды облысында 3 күн "қаралы" деп жарияланды.
2010 жыл, 16 наурыз. Қызылағаштағы су тасқыны
2010 жылы 12 наурызға қараған түні Алматы облысындағы бөгет жарылып, Қызылағаш ауылын су шайып кетті. Ресми дерек бойынша 45 адам қайтыс болды. Бұлардың ішінде кәмелетке толмаған он бес бала бар. Осыған байланысты елде 16 наурыз қаралы күн деп жарияланған еді.
2012 жыл, 5 маусым. Арқанкерген қырғыны
2012 жылы 28 мамырда Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Арқанкерген" бекетінде 15 адамның мәйіті табылды. Олардың 14-і шекарашы, біреуі қорықшы болған. Бұл туралы тек 1 маусым күні мәлім болды. Ал 5 маусым қаза болғандарды аза тұту күні деп жарияланды. Шекарашылардың ішінен аман қалған Владислав Челах бұл қылмысқа айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
2012 жыл, 27 желтоқсан. Ан-72 ұшағы апаты
2012 жылы 25 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ан-72 ұшағы Шымкент маңына құлап, борттағы экипаж мүшелерін қосқанда 27 адам қаза болды. Апат техникалық ахаудан және экипаж мүшелерінің қателігінен болған. Қаза болған шекарашыларға көңіл айту үшін 27 желтоқсан қаралы күн болып жарияланды.
2013 жыл, 31 қаңтар. Bombardier CRJ200 ұшағы апаты
2013 жылы 29 қаңтарда Көкшетау – Алматы бағытындағы ұшақ Қызылту ауылының маңында апатқа ұшырады. Борттағы барлық 16 жолаушы және 5 экипаж мүшесі қаза тапты. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев 31 қаңтарды қаралы күн деп жариялады.
2016 жыл, 9 маусым. Ақтөбедегі терракт
5 маусым күні бір топ адам Ақтөбедегі екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады, соның салдарынан 25 адам қаза тапты. Оның ішінде төртеуі жергілікті тұрғын, үшеуі әскери және 18 шабуылды ұйымдастырушы азамат болған. Терракт құрбандарына арнап 9 маусым қаралы күн деп жарияланды. Сонымен қатар 2017 жылдың қаңтарына дейін террористтік жағдайдың "сары деңгейі" енгізілді.
2019 жыл, 28 желтоқсан. Bek air ұшағы апаты
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы–Нұр-Сұлтан бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады. Апат себептері техникалық ахаулар және адам факторы болған. Борттағы 11 жолаушы және 2 экипаж мүшесі қайтыс болды. Ал 28 желтоқсан қаза болғандарды аза тұту күні ретінде жарияланды.
2020 жыл, 13 шілде. Коронавирус құрбандары
Президент Тоқаев 13 шілдені коронавирус құрбандарын еске алу – жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Кейінгі мәлімет бойынша елде коронавирустан 375 адам қайтыс болған. Сонымен бірге коронавирус анықталған 101 науқас әртүрлі аурудан және маусымда 628 адам пневмониядан қайтыс болған.
2021 жыл, 29 тамыз. Жамбылдағы жарылыс
2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрттің соңы жарылысқа ұласты. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қайғылы оқиға кезінде 16 адам қаза тапты.
2022 жыл, 10 қаңтар. Қаңтар оқиғасы
Қаңтар айының басында болған елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 200-ден аса адам қайтыс болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
2023 жыл, 12 маусым. Орман өрті
Абай облысындағы орман өртінен 14 адам қайтыс болды. Аптап ыстық пен қатты желдің салдарынан қызыл жалын 60 мың гектар аумақты шарпыды.Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
2023 жыл, 29 қазан. Костенко атындағы шахтадағы жарылыс
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. 33 адам қаза тапты.
Еске салайық, ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін.