Қазақстан Талибанды тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастағаны нені білдіреді? Сарапшылар пікірі

Қазақстан қандай критреийлерге сүйеніп, Талибанды тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарды? Олардың діни идеологиясы елімізге әсер етпей ме? Massaget.kz тілшісі осы сауалдарға жауап алу үшін халықаралық қатынастар маманы Риззат Тасыммен сұхбаттасты.

"Саяси байланыс орнатпауымыз қисынға келмейді"

Ризат Тасымның сөзінше, Қазақстан Талибанды тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастағанын әр адам әр қырынан түсінеді.

"Мәселен, біз оны жау ретінде қарастырамыз ба, әлде Оңтүстік Азияға шығар (сауда-саттық жолы - еск.) жол ретінде қараймыз ба? Меніңше, еліміздің Оңтүстік Азияға шығар қақпасы ретінде қарастырғанымыз жөн. Бүгінгі таңда Қазақстан - Ауғанстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі, оның үстіне тәліптер Ауғанстанның ресми билігіне айналып отыр. Оларды алыстатудан бұрын жақын ұстаған тиімді. Біз экономикалық қарым-қатынас орнатып, саяси байланыс орнатпауымыз қисынға келмейді. Оған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ауғанстан билігімен гуманитарлық мәселе бойынша қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екенін айтты", - дейді Риззат Тасым.

Саясаттанушының сөзінше, алдағы уақытта тәліптердің Қазақстанға көзқарасы өзгеріп жатса, қайта тыйым салған ұйымдар тізіміне енгізу қиынға соқпайды.

"Талибан қозғалысы Ауғанстанда діни әрі саяси сипаттағы ұйым ретінде танылғанымен, олардың өзі қазір діннен гөрі саяси аспектіге көп назар аударып жатыр. Өйткені билікті сақтап қалу үшін де көршілес елдермен жақсы қарым-қатынаста болуға тиіс. Әрине, еліміздегі радикал діннің өршуіне Талибан идеологиясының әсері болуы мүмкін, оны жоққа шығара алмаймыз. Біз дін саласында тәліптермен инклюзив дінb қарым-қатынас орнатуға тырысуымыз керек. Екіншіден, сол арқылы ол жақтағы діни ахуалды бағалап, өзіміз де алдын алу жұмыстарын жүргізе аламыз", - дейді сарапшы.

"БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне енбейді"

2023 жылғы сәуірде Қазақстан Талибан дипломаттарына Астанадағы Ауғанстан елшілігінде отыруға рұқсат берді. Сол кезде Сыртқы істер министрлігі өкілдері Қазақстан БҰҰ ұстанымын ұстана отырып, Талибанмен байланысын жалғастырмайтынын мәлімдеген еді. Қазақстан тек сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға және ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті болды.

Ал кейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "Талибан" неге тыйым салынған ұйымдар тізімнен шығарылатынын айтты.

"Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйымдардың тізімін жаңарту мақсатында тұрақты түрде аудит жүргізіледі. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті қарарларына сәйкес Талибан қозғалысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне енбейді. Соған сәйкес Талибанды қазақстандық тізімнен шығару туралы шешім қабылданды", - деді Смадияров.

"Гуманитарлық мәселелерді шешуге жәрдемдесуге дайын екенін бірнеше мәрте көрсетті"

Ал ауған саясатын зерттеу орталығының басшысы Андрей Серенко телеарналардың біріне берген сұхбатында Қазақстан бұрын өз аумағында Ауғанстанға көмек көрсету үшін халықаралық гуманитарлық хаб құруды ұсынғанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстан осылайша Талибанға гуманитарлық мәселелерді шешуге жәрдемдесуге дайын екенін бірнеше мәрте көрсетті.

Андрей Серенконың пікірінше, Қазақстанға астық пен мұнай өнімдерін жеткізу аясында Ауғанстанмен ынтымақтастық маңызды. Сондай-ақ, ел Катармен өзара әрекеттесуге мүдделі.

"Қазақстан экономикалық және әскери салада Катармен белсенді байланыс жасайды. Бүгінгі таңда Катар - Талибанның басты саяси адвокаттарының бірі. Мәселен, дәстүр бойынша Катарда талибандардың қатысуымен халықаралық конференциялар өтеді және ұйымның саяси кеңсесі сонда орналасқан. Катар тек Талибанмен өз қызығушылығы үшін (мүддесі үшін емес - еск.) емес, олармен тікелей байланыспайтын АҚШ-тың қызығушылығын көрсетіп жүр", - деген еді сарапшы НСН арнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Талибан қозғалысына Жоғарғы соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес Қазақстанда тыйым салынған.

Еске салайық, былтыр 2 тамызда Ауғанстан өкілдері Қазақстанға келіп, маңызды келіссөздер жүргізді.

Ал 29 желтоқсанда Қазақстан "Талибан" қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығаратыны белгілі болды. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.

Жасұлан Ордабаев

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!