Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған бірлескен брифинг өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-тәжік қарым-қатынасының дамуына Эмомали Рахмонның қосқан үлесін айрықша атап өтті.
"Бүгінгі сапардың символдық мәні терең, өйткені екі ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Егемен ел болғалы Қазақстан да, Тәжікстан да табысқа толы үлкен жолды еңсерді. Тәжікстан Сіздің беделді басшылығыңызбен мемлекеттілік тұғырын нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық дамуда орасан жетістіктерге қол жеткізді, халықаралық аренада абыройын арттырды. Сіздің еліңіз Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі Тәжікстанның барлық табысын Сіздің есіміңізбен және халықтың қолдауына арқа сүйеген парасатты әрі жасампаз саясатыңызбен байланыстырады. Қазақстан қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде күшті әрі өркендеген мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарыңызға зор құрметпен қарайды", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасында қандай да бір шешілмеген немесе түйіні тарқамайтын мәселе жоқ екеніне, керісінше өзара ынтымақтастық ілгерілеп келе жатқанына назар аударды.
Сондай-ақ, Тәжікстанның ұлттық көшбасшысы Эмомали Рахмонға жуырда ғана тағайындалған Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстағанын айтты.
"Тәжікстан президентінің білім, ғылым, мәдениет салаларына және халықаралық қоғамдастыққа сіңірген елеулі еңбегіне құрмет ретінде берілген бұл марапаттың мәні айрықша. Қожа Ахмет Ясауи – өңірімізге білімпаздық, гуманизм және өркендеу қағидаттарын ту еткен ілімді таратқан жаһандық ауқымдағы тұлға. Біздің қазіргі болмыс-бітіміміздің қалыптасуына Қожа Ахмет Ясауидің де үлесі бар. Оның ілімі қазақ халқының діліне, этникалық түп-тамырына және дүниетанымының дамуына ықпал етті. Сондықтан мен бүкіл ел көлемінде жоғары сыныптардан бастап университеттерде, әскер қатарында, құқық қорғау органдарында және басқа да мекемелерде Ясауи ұлағатының мән-мағынасын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырдым. Бұл уақытша науқан емес, ауқымды идеологиялық жұмыс. Әңгіме соқыр сенім, көзсіз пір тұту туралы емес, керісінше, ұлы ойшыл, ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің ғылыми, әдеби, философиялық мұрасын терең түйсінуде болып отыр. Сондықтан аталған жоғары награданы тағайындадым. Дәл осы себепті оны бүгінгі құрметті қонағымыз Эмомали Шарипович Рахмонға табыстадым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі келіссөздер жемісті өтіп, қос тарап сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
"Біз сенім мен өзара құрмет сипатында өрбіген әңгіме барысында көптеген мәселені талқылап, мемлекетаралық ықпалдастықтың негізгі басымдықтарын айқындадық. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мән берілді. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымы 2 миллиард долларлық межеге таяп қалды. Нәтижесінде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне енеді. Қадірлі Эмомали Шариповичпен өзара алыс-берісті жандандыратын қажетті шаралар қабылдауға келістік. Бүгін осы мақсатқа жетуді көздейтін 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданды. Екі ел үкіметтеріне аталған міндетті сапалы орындау жүктелді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде Тәжікстанның кандидатурасын қолдайды.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту шараларына арнайы тоқталды.
"Тұрақты түрде өткізіліп тұратын Мәдениет күндері, шығармашыл зиялы қауым өкілдері арасындағы белсенді диалог, көрнекті тұлғаларға ескерткіш ашу – мұның бәрі азаматтарымыздың қызығушылығын тудыратын дүниелер. Сондай-ақ біз білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделіміз. Қазақстан аймақ елдері ішінде Тәжікстан студенттеріне ең көп білім грантын береді. Жыл сайын 100 орын бөлінеді. Тәжік әскерилерін Қазақстанның оқу орындарында оқытуды жалғастыруға дайынбыз. Бұл жұмысты жүйелі әрі ұзақмерзімді негізде жүргізу үшін әскери кадрларды даярлау саласындағы үкіметаралық келісімге қол қойылды", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымы бір екенін айтты. Қазақстан мен Тәжікстан көпжақты алаңдарда ортақ мүддені бірлесе ілгерілетуге әзір.
"Келіссөз барысында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше ден қойдық. Өңірдің орнықты дамуы – бауырлас халықтардың түпкілікті мүддесіне сай келетін ортақ мақсат. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде Тәжікстанның ұсынылуын қуана қабыл алды. Біз Тәжікстанның кандидатурасын қолдаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тәжікстан президенті құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқаны, сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда – Qoja Ahmet Yasaui орденіне лайық көргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
"Тәжік-қазақ қарым-қатынасын өркендетуге қосқан аздаған үлесіме берілген осы жоғары баға менің ғана емес, халқымның еңбегіне көрсетілген сый-құрмет деп санаймын. Бауырлас Қазақстанға әр сапарым жарқын сәттерімен есте қалады. Достас қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстары және халықаралық аренада абырой-беделінің асқақтауы қуантады. Біз өркендеу мен гүлдену жолындағы Қазақстанның үйлесімді дамуына негіз қалайтын кейінгі жылдардағы реформаларды жоғары бағалаймыз. Бүгінгі келіссөз конструктивті саяси диалог, өзара сенім мен түсіністік сипатында өрбіді. Екіжақты күн тәртібіндегі көптеген мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Келіссөз қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдеме ынтымақтастығымызды одан әрі дамытудың басты бағыттарын айқындады", – деді Эмомали Рахмон.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!