Кеше Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар қалаларынан арнайы келген Қазақстан суретшілерінің симпозиумы басталды.
Бір аптаға созылатын осы шараның барысында суретшілер Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды халқының ұлы перзенттерінің іздері қалған жерлермен жүріп, ауасын жұтып, көрікті де шежірелі Шыңғыстау өңіріне сапар шегіп, табиғат аясында этюдтар жасайды.
Бірнеше күнге созылатын сапар кезінде суретшілер Бөрілі, Күшікбай асуы, Тұма көлі, Жидебай, Үйтас, Кіші Орда, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Абай аналары – Ұлжан мен Зере зираты, Кеңгірбай би мазары, Шыңғыстау, Архат тауларының әсем жерлерімен танысады.
Қасиетті мекеннің сұлу табиғатына қалам тербеген суретшілердің әрқайсысы туындылардың бір данасын мұражай қорына сыйға тартады.
Сонымен қатар, суретшілердің осы сапары барысында дүниеге келген жұмыстарынан Абай мұражайында көрме ұйымдастырылады және бұл көрме Астана, Алматы қаласында да жалғасын таппақ.