Күні кеше Қаржы министрлігі өз ресми сайтында қаңтар-сәуір айларының есебін салды. Ұсынылған құжатты саралаған экономист Ғалымжан Айтқазин ведомство тартқан мемлекеттік борыштың нақты көлемі 2,47 трлн теңгені құрайды дейді. Салыстырмалы түрде бұл өткен жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 65% - ға артық екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Экономистің саралауынша қаңтар-сәуір айына жоспарланған кредиттен біз шамамен 300 млрд. теңгеге асып кеткенбіз. Жылдық жоспар 5,17 трлн теңгені құрап отыр.
Қалыптасқан жағдайға байланысты осы ырғақпен мемлекетіміз жылдың аяғына дейін жоспардан тыс қарызға кіре ме деген сауал туындайды. Сұрағымызға жауапты қаржы, биржа, макроэкономика шолушысы Айбар Олжай берді. Сарапшының пікірінше жоспардан ауытқу орын алмайды. Дегенмен ішкі қарызды жабу шығыны 1 трлн теңгеден асып жығылады екен.
"Аталмыш дүние жақсы не жаман деп кесіп айту қиын. Өйткені бұл экономикалық тұрғыдан риторикалық сұрақ. Салыстырмалы түрде экономикасы дамыған мемлекеттердің қарызы бізбен салыстырғанда бірнеше есе көп. Десе де бұл олардың экономикасы үшін қатты қауіп тудырады деуге келмейді. Бұның бәрі ішкі экономикалық құрылымдарға байланысты", - дейді сарапшы.
Айбар Олжай онымен қоса елімізде белгіленген норма жайында сөз етті.
"Бізде енді қарыз көлемі Ішкі жалпы өнімнің 30% аспауы керек деген қызыл сызық бар. Қазіргі жағдай бойынша көрсеткіш 25-26% шамасында. Сол себепті әзірге алаңдауға негіз жоқ. Және де екінші жағынан, Қаржы министрлігінің жыл сайын алатын ішкі қарызы еліміздегі құнды қағаздар оның ішінде облигациялар нарығының драйвері болып отыр. Мысалғы Қаржы министрлігінің облигацияларды орналастыруының арқасында инвесторларды көбірек тартуға мүмкіндік туып отыр. Нәтижесінде ақша айналымы теңгемен жүрген соң төл валютамыздың да құнына да оң әсер беруде", - деді.
Ал енді осы тұста жоспардан ауытқыған қарыз себебін сарапшы жиналмай жатқан салықтан болуы мүмкін деп топшылады. Елімізде жыл сайын алынатын қарыз көлемін ішкі жалпы өнім есебімен бағамдалатынын да түсіндіріп өтті. Мысалға өткен жылы ІЖӨ 5,4 пайыздық өсім көрсеткен, осы жылы 3 пайыздан аса көрсеткіш күтілуде. Сондықтан келесі жылы жағдайға сәйкес бұдан да көп қарыз алып жатсақ таңғалудың қажеті жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!