2024 жылы табылған сирек кездесетін металл қоры толық жолға қойылса, Қазақстан жаңа заманның "мұнайы" атанған элементтер бойынша әлемде үшінші орынға шығады. Бұл туралы Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақпаров Massaget.tv арнасына берген сұхбатында айтты.
"Қарағанды облысындағы Күйректі көл маңынан сирек кездесетін жер элементтеріне бай нысан анықтадық. Бұл аумақ әлі де терең барлауды қажет етеді. Қазірдің өзінде анықталған қор өте жоғары. Егер болжамымыз расталса, Қазақстан бүкіл әлем бойынша үшінші орынға шығуы мүмкін", – деді Ерлан Ақпаров.
Оның айтуынша, бұл тек геологиялық жаңалық емес, мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыратын стратегиялық мүмкіндік.
"Бұл – бір елді мекеннің емес, бүкіл мемлекеттің мүмкіндігін көтеретін бағыт. Сирек металлдар өндірісі білікті кадрларды қажет етеді, сонымен қатар жаңа өндіріс ошақтарын ашуға жол ашады. Экономиканың тұрақты дамуына да әсер етеді", – деді ол.
"Жаңа нысанды игеруге 10 жыл қажет"
Қазіргі таңда бұл аймаққа мемлекеттік деңгейде инвестиция тарту көзделіп отыр. Алайда кен орнын толық іске қосу – ұзақ мерзімді әрі ауқымды процесс.
"Біз орташа есеппен алғанда кіші кен орындарын игеруге 10 жыл уақыт қажет деп есептейміз. Бұл кезеңге барлау, зерттеу, мемлекеттік есепке алу, зауыт салу сияқты толық өндірістік цикл кіреді. Өкінішке қарай, бізде сирек металлдарды өңдейтін технология жоқ. Сондықтан бұл бағытта жол салуымыз қажет", – деді комитет төрағасы.
Аталған нысан 2024 жылдың жаз айында анықталған. Ерлан Ақпаровтың айтуынша, мемлекет сирек металдарға ерекше мән беріп отыр.
"Мемлекет басшысы сирек кездесетін жер металдары – XXI ғасырдың мұнайы екенін атап өткен. Сондықтан бұл бағытқа қазір бүкіл әлем назар аударып отыр. Қазақстанда мұндай металлдарға бай аймақтар көп. Бірақ Кеңес дәуірінен бері бұл бағытта іргелі зерттеулер жүргізілмеген. Енді үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, 2023 жылы 12 нысанда зерттеу жұмыстарын бастады", – деді ол.
Сирек кездесетін металдар
Сирек кездесетін металдар – заманауи технологияда кең қолданылатын, табиғатта өте аз мөлшерде кездесетін элементтер. Олар смартфон, ноутбук, теледидар, электромобиль, жел генераторы, әскери техника мен медициналық құрылғыларда таптырмас материал саналады. Әсіресе неодим, самарий, лантан сияқты элементтер жоғары сұранысқа ие.
Қазақстан сирек металдарға бай елдердің қатарына кіреді. Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында мол қоры бар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет