Қазақстан шетелден сүт өнімдерімен бірге қант, шұжық, макарон, жарма өнімдерінің, жеміс-жидек консервілерінің сатып алуды көбейткен. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тамақ өнеркәсібі бойынша сүт өнімдерімен бірге қант, шұжық, макарон, жарма өнімдерінің, жеміс-жидек консервілерінің импорты өсіп барады. Бұған елімізде шығарылатын тамақ өнімдерінің жеткіліксіз болуы және отандық кәсіпорындардың бәсекеге төтеп бере алмауы әсер етіп отыр", - деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Олжас Бектеновтің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында шығыстарды субсидиялау, шикізат базасын дамыту, салық преференциялары және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет. Ел экономикасын дамытуда аталған салалардың барлығы да маңызды", - деді үкімет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!