- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақстан" шахтасындағы өрт:...
"Қазақстан" шахтасындағы өрт: министр мәлімдеме жасады
ТЖ министрі Сырым Шәріпханов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ "Қазақстан" шахтасында өртке қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, қайғылы жағдай 17 тамызда болған еді. Салдарынан 5 шахтер қаза тапты. Оқиға орнында барлығы 227 жұмыскер болды, 16 жұмыскер зардап шекті, оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.
19 тамызда Үкімет авария мен жұмысшылардың қаза болу себептерін тергеу үшін арнайы комиссия құрды. Комиссия өрт кезінде пайдаланылған техникалық құрылғылар мен жабдықтарға бірқатар арнайы сараптама жүргізді.
Сондай-ақ өрттің пайда болуының және таралуының техникалық себептерін анықтау үшін өрт-техникалық сараптама жүргізілді.
ТЖ министрі Сырым Шәріпхановтың сөзінше, сараптамалық қорытындыға сәйкес Комиссия авария мен топтық жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтады:
Біріншіден, көмір конвейеріндегі өрт механикалық энергияның жылу энергиясына ауысуы салдарынан, жолақ төсемінің конвейердің кептелген және бекітілген ролигіне үйкелуіне байланысты болды.
Екіншіден, "Қазақстан" шахтасының инженер-техникалық құрамы тарапынан өндірістік бақылаудың болмауы. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасының сақталмауы және энергия-механикалық қызмет бақылауының әлсіздігі анықталды.
Үшіншіден, қауіпсіздік талаптарын және техникалық реттеу нормаларын бұзу. Бұл жолақты төсемді сәйкестік сертификатынсыз пайдалану.
Төртіншіден, жұмыс аймағының тозаңдылығы және жану өнімдері мен тау-кен қазбаларынан болған ауа газдылығы қызметкерлердің өліміне әкеп соқты. Бұдан басқа, Еңбек заңнамасы нормаларының бірқатар бұзушылықтары анықталды.
Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі анықталды, заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталды.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін комиссия топтық жазатайым оқиғаның себептерін жою бойынша іс-шаралар әзірледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!