Қарағандыда өткен брифинг барысында 17 тамызда өрт шыққан "Қазақстан" шахтасында үш жұмысшыны іздеу жұмыстары туралы жаңа деректер айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин көмір кәсіпорнының жұмысшыларын іздестіру жұмыстарына шахтадағы түтін мен жоғары температура кедергі болып тұрғанын айтты.
"Қазір олар үш адам болуы мүмкін деген жерлерге қарай жылжу үшін өртті сөндіріп, сумен толтырып жатыр. Орналасқан жерді анықтау жүйесіне сүйене отырып, олар сол жерде деп болжанған.
Кеніште 1504 адам жұмыс істейді. Апат жойылғаннан кейін іс-шаралар жоспары туралы шешім қабылданады. Осыдан кейін кеніш қалыпты жұмыс істеуге көшеді", - деді Басин брифинг барысында.
"Түтінде кеншілерде қосымша ауа қоры болған. Жаяу жүргенде ауа бір сағатқа жетсе, қозғалмағанда бес сағатқа жетуі керек. Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ. Қазір біз өрт сөндіру және адамдарды іздестірумен айналысып жатырмыз", - деді Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасындағы өрт салдарынан компания қызметкері, 1965 жылы туған Виталий Владимирович Слюньков (жерасты электршебері, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл) қаза тапқаны хабарланған болатын. Кейін тағы бір жұмысшының денесі табылғаны белгілі болды.
Апат кезінде жер астында 227 қызметкер болған. Апатты жою жоспарын дереу енгізу арқылы 222 адамды жер бетіне жедел көтеріп, қалған төрт кеншіні іздестіру жалғасып жатыр.
"Қазіргі уақытта желдетудің дұрыс режимін қалпына келтіру және кеншілерімізді іздеуді жалғастыру үшін өртті оқшаулау жұмыстары жүзеге асып жатыр. Құтқару қызметтерінің 12 бөлімшесі жұмыс үстінде. Біз марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз, оларға барынша қолдау көрсетеміз", - дейді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов.
Компания апаттың себептерін толық тергеу үшін мемлекеттік органдармен бірігіп қызмет етіп жатқанын атап өтті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!