"Қазақстан" шахтасында қаза тапқан бес кеншінің соңғы екеуі жерленді

Бүгін Шахтинск шахтасында қаза тапқан бес кеншінің соңғы екеуі жер қойнына тапсырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Шахтадағы өрт кезінде қаза тапқандардың ішінде ең жасы — Артур Халиков пен Илья Старавойтов. Шахтада 29 жастағы Артурдың жұмыс істегеніне 10 жыл болған, ал 27 жастағы Ильяның жұмыс істегеніне төрт жыл да толмапты.

Халиковтың жаназасы мешітте шығарылды. Ал Старавойтовпен жақындары мен әріптестері шіркеуде қоштасты. Оның артында бір жасар баласы мен жас әйелі қалды.

Шахтаның өзі алтыншы күн қатарынан жанып жатыр. Қызыл жалын ораған көмір қабаттары опырылып құлап жатыр екен. Мамандардың айтуынша, жерасты жолдарындағы металл тіреуіштері де балқып кеткен. Оларға тиген судан тар жердегі түтінге бу араласып, қарға адым жер көрінбейді. Өрт сөндірушілер "кәдімгі моншада жүргендей" күй кешіп жүр екен. Сондықтан қызыл жалын қашан ауыздықталып, жер астына сарапшылар қашан түсе алары әлі белгісіз.

"Бұл жұмыс атқарылғаннан кейін шахта ең кемі бір жылға дейін жұмыс істей алмайды. "Неге бір жыл?" деген сұрақ туады. Өйткені өрттен опырылған жер көп. Содан кейін жанған жерлер суытылуы керек. Егер бір айдан кейін өрт болған жерді ашып жіберсек, бықсыған шалаға оттегі жетісімен өрт қайта лап ете түседі. Мына еңбектің бәрі зая кетеді", - деді "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС Қарағанды филиалы директорының орынбасары Геннадий Селинский.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!