Қазақстан-Ресей шекарасында жасыл дәліз ашу жоспарланып отыр

Ресеймен шекарада қазақстандықтар мен азық-түлік тасымалдайтын көліктер үшін жасыл дәліз құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол Қазақстанға келген ресейліктердің саны ел халқымен салыстырғанда аз екенін және бұл олардың азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейтінін түсіндірді.

"Аймақтық диспропорциялар болуы мүмкін, бірақ қазір бұл мәселелерді шешіп жатырмыз. Кеше мемлекеттік органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен кеңес өткіздім. Ресей премьер-министрінің орынбасарымен де сөйлестім. Себебі шекараның арғы жағында қазақстандық азаматтар да, азық-түлік көліктері де өте алмай тұр.

Келіскен сияқтымыз, ол (Ресей премьер-министрінің орынбасары - еск.) тиісті ереже жасады. Бүгін шекара қызметтері бір-бірімен сөйлеседі. Олар біздің азаматтар мен азық-түлік көліктері үшін жасыл дәліз жасауға тырысады. Бұл мәселеде үлкен проблемаларды көрмеймін", - деді Жұманғарин.

Еске салайық, бұған дейін Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Марат Бәшімов мобилизация салдарынан Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер қандай себеппен елден шығарылуы мүмкін екенін түсіндірген болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!