Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Салтанатты шарадан кейін тараптар келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Massaget.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Келіссөз аясында Мемлекет басшысы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапары елдеріміз арасындағы берік достықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты көрсететінін атап өтті.
– Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең болды, бір-бірімізге сапармен бардық. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомстволарымыздың және іскерлік орта өкілдерінің арасында көптеген құжатқа қол қойылды. Мұның бәрі көпжақты ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілетуге септігін тигізді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзара мүддеге сай барлық салада қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға баса мән беретініне тоқталды. Экономикалық ықпалдастық қазақ-иордан қарым-қатынасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Сонымен қатар академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту, өзара туристер ағынын арттыру арқылы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор.
Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу тәсілдері ұқсас екеніне назар аударып, Иордания Королінің достық байланыстарды нығайтып, қос халықты жақындастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Король ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ықыласпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді.
– Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз, – деді Иордания Королі.
Король ІІ Абдалла Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесе ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешуге бейілдігін көрсетеді. Осы орайда, Иордания Королі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Иордания Королі II Абдалла 6 қарашада Астанада ұйымдастырылатын Ақаба процесі саммитіне қатысады. Халықаралық жиынға бірнеше мемлекеттің басшылары келеді деп жоспарланып отыр.
Ақаба процесі – терроризм, экстремизм және трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл бағытындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық алаң. Бастама 2015 жылы Иордания Королі II Абдалланың ұсынысымен құрылған.
Айта кетейік, Иордания басшысы былтыр 26–27 тамызда Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы ақпанда Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барған еді.