“Қазақстан прагматикалық ұстанымында қала береді“ - Президент

Мемлекет басшысы ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды. Бұл туралы Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бір мезгілде Ресей бағытында, сондай-ақ, Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арадағы шекара маңында индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатыр. Өнеркәсіп және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында құқықтық база жасалды.

"ТМД кеңістігінің біраз бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді осы әлеуетті барынша ұтымды пайдалану керек. Басқаша айтқанда, өзара сауда-саттықтағы негізсіз, қолдан жасалған кедергілерден арылған жөн. Қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Достастық аясында бірлескен ірі бастамаларды жүзеге асыру осы жұмыстың қисынды жалғасы болуға тиіс. Осы орайда, ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, Қазақстан осы міндеттер күрделі екенін ескере отырып, экономикалық саладағы артықшылықтары мен жетістіктерін тиімді пайдалану мүмкіндігінен бас тартпайды және прагматикалық ұстанымында қала береді. Осы іске даму институттары, қаржы ұйымдары және бизнес атсалысуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көлік байланысын дамыту және транзит әлеуетін нығайту ынтымақтастықты кеңейтетін тағы бір бағыты ретінде аталды.

"Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәліздері, сондай-ақ, Транскаспий бағыты - басты күре жолдар. Оларды бір-бірімен үйлесімді ұштастыра білсек, құрлық арқылы жүк тасымалының тиімділігі айтарлықтай артады. ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы осы мақсатқа қызмет етпек. Бұл құжат биыл мамырда еліміздің бастамасымен қабылданған еді. Қазақстан осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосып жатыр. Тамызда жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Бұл стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі жол шамамен мың шақырымға, ал транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін қысқарады", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ретте "Жұмсақ инфрақұрылым", яғни жүк тасымалын цифрландыру, электрон құжат айналымы және шекарадағы рәсімдердің үйлесімділігі зор рөл атқарады.

"Басты мақсат – "Бірыңғай цифрлық дәліз" қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз бойынша Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электрон форматта алмасу жолға қойылды. Ресей және Беларусь елдерімен де дәл осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей тарапымен бірлесіп биыл мамыр аясында жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық жүк тасымалы ұйымдастырылды. Анағұрлым тиімді шешімдерді ТМД аумағында жаппай тарату қажет деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!