Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, қараша айының 1-5 аралығында Степногорск қаласында ХІІ ұлттық дельфи ойындары өтпек. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Парадельфий ойындарын өткізетін болады. Бұл ойында ерекше қажеттілігі бар жандар «Ым-ишарат тілінде ән айту» және «хореография» номинациялары бойынша бақтарын сынайтын болады.
Дельфи ойындары – талай жас таланттарды бір арнаға тоғыстырып, үздіктің үздігін анықтайтын ұлттық байқау. Аталмыш жарыс жеңімпаздарын келесі аталымдар бойынша анықтайды: фортепиано, скрипка, баян/аккордеон, ұлттық аспаптар (домбыра, прима-қобыз, қыл-қобыз), академиялық ән айту, дәстүрлі ән айту, халық биі, заманауи би, фотосурет, тележурналистика, қысқаметражды кино-бейнероликтер, өнертапқыш, киім дизайны, сәндік-қолданбалы өнер, ыммен ән орындау шеберлігі, ди-джей.
Дельфий ойындары – классикадан бастап қазіргі заманға дейінгі өнердің барлық түрін қамтитын жарыс. Әр жылы өткен байқау мәдени бағытқа жаңа серпіліс алып келуде. Мәселен осы жылы «Парадельфий» ойындары өтетін болады.
«Ұлттық Дельфий ойындары комитетінің бастауымен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, мәдени бағытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын. Бірақ, бүгінде ондай шараны халықаралық аренаға шығару идеясы туындап отыр. Ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған байқаулар жоқ емес. Дегенмен, олардың барлығы тек арнайы мамандандырылған ортада ғана ұйымдастырылатыны да шындық. Ал, Дельфий ойынында ондай жандар қатарларынан қалыс қалмай, барлығымен тең дәрежеде сайысқа түсе алады. Айта кететіні, ТМД елдерінің ішінде Қазақстан «Парадельфийлік» идеясын ұсынған алғашқы мемлекет болып отыр»,-дейді Қазақстандағы Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.
Мұндай игілікті іс одан ары оңтайлы шешімін тауып, дамуы үшін атқарылар жұмыс әлі алда. Дегенмен, әлемнің кез келген азаматы еш кемшілігіне қарамай өзгелермен тең дәрежеде өнерін шыңдауға әбден лайық. Дариясы өмірдің шайқалмайды, дәрменсіз бір пенде жылағанда. Сол себептен, бәкідей бүктелген келте ғұмырда «шексіз мүмкіндік иелерін» мұқатпай, барлығымен тең көріп сыйластықта өмір сүргеніміз абзал.