Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Өзбекстанмен өзара байланысты нығайта түсетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентіне алғыс айтты.
"Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген президент Шавкат Мирзиёевке шынайы ризашылығымды білдіремін. Туысқан өзбек халқының басшысын қазақ жерінде қарсы алу біз үшін үлкен құрмет әрі мәртебе. Өзбекстан қазақ еліне бауырлас мемлекет, тату көрші, маңызды серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы – ортақ тарихқа және құндылықтарға негізделген", - деді мемлекет басшысы.
Президент қазақ-өзбек қарым-қатынасы тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
"Қазақстан Өзбекстанмен ынтымақтасты нығайта түсуге айрықша көңіл бөледі. Былтыр одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын дамытуға айрықша серпін береді деп сенеміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Өзбекстан президентімен Ақордада кездесті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!