ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі уақытта Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасындағы "Тәжен" өткізу пунктінде 400-ден астам жүк көлігі жиналып, Қазақстан Республикасынан шығуға кезекте тұрғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, көлік ағынының артуына Өзбекстан Республикасында Дәуіт ата - Қоңырат (400 шақырым) автожолының ашылуы себеп болды, осыған байланысты жүк автокөлік құралдарының ағыны байқалады.
Өткізу пунктінің жобалық өткізу қабілеті тәулігіне бір бағытта 150 жүк көлігін құраса да, қазіргі жөндеу жұмыстары кезінде "Тәжен" өткізу пункті тәулігіне 200-250 жүк көлігін шығаруын қамтамасыз етеді.
"Осыған байланысты тасымалдаушыларға маршруттарды мүмкін болатын кідірістерді ескере отырып жоспарлауды немесе тауарларды тасымалдаудың баламалы жолдарын таңдауды ұсынамыз, осылайша, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, шекарада ұзақ күту уақытынан аулақ болуға кеңес береміз", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!