Мемлекет басшысы БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандусты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның арнаулы мекемесі - Дүниежүзілік метеорология ұйымы климат, ауа райы, су ресурстары және табиғи апаттардың қатерін азайту бағытындағы жаһандық ынтымақтастықты ілгерілетуде негізгі рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы мен ұйым жетекшісі Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие климат мәселелеріне ерекше назар аударды. Ерте хабарлау жүйесін дамыту, метеорологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және ғылыми дерек алмасу өте маңызды.
Президент Қазақстан тарапы БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен өзара байланысты арттыруға дайын екенін растады.
Бұдан бөлек, өңірлік және жаһандық деңгейдегі су қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқару мәселелерін шешудің өзектілігіне мән берілді. Бұл ретте Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының маңызы айрықша.
Түркістан облысы БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірге су қоймаларын толтыру және ауыл шаруашылығы жерлеріне су жеткізу мақсатында жауын-шашынды жасанды жолмен шақыратын бастаманы жүзеге асырады. Бұл жоба биыл 17 мамырда іске қосылады.
Осылайша, Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын пайдаланған алғашқы ел болмақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!