Алматының спорт басқармасы Қазақстан мен Норвегия ойынын тамашалауға келетін жанкүйерлерге үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматының спорт басқармасы жанкүйерлерден көп адам болғандықтан кіреберісте бір-бірімен тіреліп қалмау үшін Қазақстан мен Норвегия құрамалары арасындағы футбол матчін көру үшін Орталық стадионға ертерек келуді сұрайды.
"УЕФА Ұлттар лигасының матчі 6 қыркүйекте сағат 19:00-де Алматының Орталық стадионында өтеді. Стадионға кіреберісте кезек күтпеу үшін жанкүйерлерден матч басталардан 2 сағат бұрын стадионға келуді өтінеміз. Естеріңізге сала кетейік, алыпсатарлықтың алдын алу үшін билеттер ойын күні, билеттерді сатып алу кезінде көрсетілген e-mail-де матч басталардан 2 сағат бұрын жіберіледі. Сондай-ақ түсініспеушіліктерді болдырмау үшін билеттерді үшінші тұлғалардан сатып алмауды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының "В" дивизионындағы бірінші ойынын өткізеді. Отандастарымыз Алматының Орталық стадионында Норвегия құрамасымен ойнайды.
Ойын Қазақстандағы уақытпен сағат 19:00-де басталады. QazSport телеарнасы 18:50-ден бастап тікелей эфирде хабар тарататын болады.
Айта кетейік, бұл - ұлттық құрама тізгінін ұстаған Станислав Черчесовтің алғашқы ресми ойыны. Ол осы жазда бұған дейін құраманы жаттықтырып келген Магомед Әдиевті алмастырған еді.
Құрамалар кеше Орталық стадионда ашық жаттығу өткізіп, соңғы дайындықтарын пысықтады.
"В" лигасының екінші тобында Қазақстан мен Норвегиядан бөлек, Аустрия мен Словения құрамалары бар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!