Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстаннан таяу уақытта Нобель сыйлығының лауреаты шығуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. Бұл сауал Құрылтайдағы брифингте қойылды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Министр ғылымдағы жетістікке жету жолын "өте қиын, машақат көп және ұзақ процесс" деп бағалады. Ол халықаралық бәсекенің күшейгеніне қарамастан, отандық ғылымның болашағына сеніммен қарайтынын жеткізді.
"Бір күні бізде де үлкен серпіліс болады деп сенемін. Бірақ бәсеке күшейіп келеді, қазір жағдай өте күрделі: Азия елдері қарқынды дамып кетті (...) Қазір жасанды интеллектіні білім беру және ғылыми зерттеу үдерістеріне енгізуге, оны осы салаларда қолдануға мамандар даярлауға баса мән беріп отырмыз. Өйткені көптеген ел жасанды интеллектіні дамытуды басты бағыт етіп алды. Уақыт көрсетеді, бірақ өз басым оптимистік көзқарастамын", – деді ол.
Саясат Нұрбек қазақстандық ғалымдардың еңбегін көпшілікке таныстыру мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, жекелеген жетістіктер туралы ақпарат тарағанымен, елдегі ғылымның жалпы даму барысын көрсететін жүйелі жұмыс жетіспейді.
"Ғылыми нәтижелерді біртіндеп жинақтап келесіздер делік. Алғашқы нәтижелер де бар. Енді соларды дұрыс көрсетіп, жүйелеп ұсынуымыз керек. Біздің мәселеміз - осыны әлі күнге дейін жолға қоя алмай келе жатқанымыз. Ғалымдарды жаңалықтарға шығаруға тырысамыз, бірақ бұл ара-тұра ғана болып тұрады әрі жалпы көріністі ашып көрсетпейді. Бірде бір ғылыми ұжым туралы, бірде қандай да бір университеттің жетістігі туралы жаңалық шығады. Ал осының бәрін біріктіріп, тұтас көрініс қалыптастыра алмай отырмыз", – деді Нұрбек.
Министр осы сауалға үш жыл бұрын да жауап берген болатын. Ол кезде Нобель сыйлығына үміткер ғалымдар қалыптасуы үшін Қазақстан ғылымға ондаған жыл бойы инвестиция салып, ғылыми мектептерді ашуға және қалпына келтіруге күш жұмсауы керек екенін айтқан.
Сондай-ақ Саясат Нұрбек КСРО ыдырағаннан кейін еліміздің ғылыми кадрлары едәуір азайғанын атап өткен. Осыған байланысты ол ғалымдардың шетелге кетуіне тосқауыл қою қажеттігін жеткізген еді.