Қазақстан Нидерланды мен Ресейден жолбарыс алмақ

Қазақстан Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру үшін Нидерланды мен Ресейден жолбарыс алады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Іле өзенінің жағасындағы орманда, Балқаш өзеніне құятын, қамыс өсетін алқапта Тұран жолбарысы мекендеген.

"Мұнда соңғы жолбарыс 1948 жылы болған. Жолбарыстың популяциясын қалпына келтіру үшін 2024 жылғы қыркүйектің соңына дейін Голландиядан 2 жолбарысты жеткіземіз. Бұл Тұран тұқымдас – Амур жолбарысы. Себебі осы 2 жолбарыс қана суыққа төзімді келеді. Қалған жолбарыстың бәрі жылы жерде өмір сүреді. 

Сондай-ақ 2025 жылы Ресейден тағы 4 жолбарысты алып келеміз. Осылайша, бізде болған жолбарыстың популяциясы қалпына келтіріледі. Ол үшін бағдарлама бар", - деді Ерлан Нысанбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Еске салайық, 17 қыркүйекте Үстірт қорығында сирек кездесетін ала барыс фототұзаққа түсіп қалған болатын. 

Ала барыстың бұл түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) критерийлері бойынша жойылып кету қаупі бар деп танылған.

Ала барыстың терісінің түсі аймаққа байланысты өзгеруі мүмкін. Басқа қабылан түрлерінен айырмашылығы, ала барыстар ашықтау күңгірт түске ие, бұл оларға өмір сүретін құрғақ әрі тасты ландшафттармен жақсырақ үйлесуге көмектеседі.

Бұл бейімделген камуфляж олардың табиғат жағдайларында жыртқыштар мен олжалардан тиімді жасырынуына мүмкіндік береді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!