Қазақстан неге Ресейден астық алып отыр?

Қазақстан неге Ресейден астық алып отыр?
Фото: Freepik

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев неге Ресейден астық тасымалданып отырғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

БАҚ өкілі министрге "Біз астық өндіруден әлемде алдыңғы қатардамыз, неге көршінің астығына мұқтажбыз? Соның себебін түсіндіресіз бе?" деген сұрақ қойды.

"Былтыр Қазақстан Ресейден 3 миллион тонна бидай сатып алды. Биыл болжам бойынша 2 миллион тоннаға жетпек. Біз ауа райының қолайсыздығынан тапшылық болмауы үшін көрші елден алуға мәжбүрміз. Бұл жерде астықты арзанға алып, қымбатқа сатпақпыз, бұл сауда... Ондай да болады. Иә, өзіміз шығарып, қамтамасыз етеміз, бірақ тапшылық пен бағаны тұрақтандыру үшін Ресейден алып келеміз", - деді министр.

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков мұндай әдіс не үшін жасалып отырғанын айтты.

"Ұн өндіретін комбинаттар жылдың соңғы үш айында 650 мың тонна ұн өндіреді. Оның 30 пайызы ғана ішкі нарыққа керек. Қалғанының бәрі шетелге экспортталады. Сол кезде біздің ұн қазіргі жағдайдағы Ресейдің ұнынан қымбат болуы мүмкін. Комбинаттар конкуренцияға шыдай алмай қалады. Сол себепті комбинаттар көрші елден тікелей өздері ұн сатып алып, әрі қарай Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстан елдеріне сатуға мүмкіндік болады", - деді Айдар Әбілдабеков.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қаншалық астық тапшылығы болуы мүмкін екені туралы жазылды. 

Олжас Адай

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова