Қазақстан неге қарыз алады?

Қазақстан неге қарыз алады?
Фото: vk.com

Қазақстанның сыртқы қарызы — 154 млрд доллар. Экономика қиын кезеңдерді өткеріп отырған уақытта, 2016 жылы, қарыздың ЖІӨ-ге қатысты үлесі 92,3 пайызды құраған, бұл көрсеткіш өткен жылы 83,2 пайыз еді. Мемлекеттік қарыздың да соммасы азайып жатқан жоқ: оның көлемі төрт жылда 8 есе өскен. Қуандық Бишімбаевтың мәлімдеуінше, сыртқы қарызды жан басына шаққанда әрбір қазақстандықтықтың 7,5 мың доллар берешегі бар.

Қарыздың қандай түрлері бар?

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, сыртқы қарыздың не екенін көп адам дұрыс түсінбейді. «Қарызды компаниялар, банктер, кәсіпкерлер, холдингтер мен трансұлттық компаниялар, сондай-ақ, үкіметтің өзі де алады. Шет елде жұмыс істейтін компаниялар еншілесі орналасқан елге түрлі технология мен қосымша қаражат алып келеді. Ол жалпы қарыздың соммасына қосылады да, берешегіміздің  көлемін қайтарып бере алмастай етіп көрсетеді. Бірақ мемлекет олардың сырттан алған қарызына жауапты емес. Үкіметтің мойнына өзі алған қарыз ғана артылады. Қазір үкімет қарызы 32 млрд доллардан [11 триллион теңгеден] асты», — дейді экономист. Маманның айтуынша, жеке компаниялар басқа елден қарыз алып, кейіннен банкротқа ұшыраса, ол кәсіпкерлік тәуекелге саналып, берешекті қайтаруға міндеттелмейді. Мысалы,  шет елден несие алған банк банкротқа ұшыраса, ол ақшаны ешкім қайтармайды. Бірақ келісім-шарт жасалып, борыш несие түрінде алынса, қарыз міндетті түрде қайтарылуы керек.

Неге қарыз алып жатырмыз?

Соңғы кезде Қазақстанның сыртқы қарызы артып келе жатыр. Экономист мұны президенттің тапсырмасынан кейін байқалған құбылыс екенін айтады. «Ұлттық қордан 2014-2015 жылдары көп ақша кетті. Ұлттық валютаны тұрақтандырудың өзіне 28 млрд доллар кетті. Кейін Ұлттық қордың түбі көріне бастағаннан кейін президент Нұрсұлтан Назарбаев «Оған тиіспеңдер, қаражатты басқа жақтан табыңдар» деді. Соған байланысты соңғы жылдары Азия Даму банкі мен Дүниежүзілік банктен қарыз көптеп алынып жатыр», — деп пікір білдіреді сарапшы.

Мемлекет үшін кей қарыз қауіпті болуы мүмкін. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, мемлекет меншігіндегі компанияларға үкімет барынша жеңілдік жасауға, зейнетақы, я Ұлттық қорлардан қаржы бөліп беруге тырысады. «Мысалы, өткен жылдың басында «ҚазМұнайГаз»-дың сыртқы қарызы 18 млрд доллар еді, жыл соңына дейін 12 млрд долларға бір-ақ түсті. Ақша құнсызданып, мұнай бағасы түсіп, экономикалық ахуал біраз нашарлап кеткеніне қарамастан «ҚазМұнайГаз» 5 млрд жуық қарызын қайтарып берді. Бұл — мемлекет қандай жағдай болмасын өзіне тиесілі компанияларды қамқорлығына алады деген сөз», — дейді сарапшы.  

Экономист Асқар Сырғабековтің айтуынша, мемлекеттің көптеп қарыз алуына ішкі ресурстардың дұрыс игерілмеуі себепші. «Біздің экономика дұрыс басқарылып отырған жоқ. Қазіргі дағдарыс кезінде экономиканы басқару мен дамытудың жаңа моделі керек», — дейді сарапшы. Маман дағдарыс жағдайында дамушы елде сыртқы қарыздың көбеюі жақсы емес екенін айтады. Ал Мақсат Халық мұндай оймен келіспейді. «Соңғы деректер бойынша, Ұлттық қордағы қаражатымыз 64 млрд долларды құрап отыр. Бұл — сыртқы қарызды төлейтін әлеуетіміз жақсы деген сөз», — дейді экономист.

Қуандық Бишімбаев соңғы уақытта қарыз деңгейі шынында да өскенін және бұл мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға кеткен шығын мен кірістің төмендеуінен болып отырғанын мәлімдеді. Айта кетейік, 2016 жылдың бірінші тоқсанында 6,5 млрд доллар сырқы қарыз қайтарылған. Сәйкесінше, мемлекет осы жылдың соңына дейін тағы 17,94 млрд доллар қарыз төлеу керек.

Дереккөз: Жеті күн.кз

Р. Роза