Қазақстан неге қару-жарақты шетелден сатып алуға мәжбүр? Сарапшымен сұхбат

Қазақстан неге қару-жарақты шетелден сатып алуға мәжбүр? Сарапшымен сұхбат
Фото: midjourney

Әлемде геосаяси ахуал тұрақсыз кезде Қазақстан қорғанысын қалай күшейту керек? Көпвекторлы саясат несімен тиімді? Қазақстан басқа елдерден қандай қару-жарақ түрін сатып алуға тиіс? Елімізде қандай қорғаныс күштері жаңартылып жатыр? Massaget.kz тілшісі әскери сарапшы Амангелді Құрметпен сұхбаттасты. 

 - Қазақстанда қорғаныс саласындағы техникалардың көбі ескі және кеңес заманан қалған деп сынға ұшырап жатады. Оның үстіне еліміз сыртқы қорғаныс жағынан түрлі халықаралық ұйымдардың ықпалына сүйенеді. Көп жыл осылай жалғасып келеді. Бұл позицияға көзқарасыңыз қалай?

Рас, Қазақстанның қорғаныс саласындағы техникаларының көбі ескірген. Осы күнге дейін Кеңес одағынан қалған технологияны қолданып келдік және бүгінгі таңда Ресейден түрлі деңгейдегі техникаларды алып отырамыз. Дегенмен, елімізде бұл әскери техникаларды жаңартуға деген ұмтылыс жоқ емес. Бірақ қорғаныс саласына бөлінген қаражатымызды толықтай техника сатып алуға да жұмсай алмайтынымызды ескеруіміз керек. Еліміз қорғаныс өнеркәсібін дамытумен қатар дипломатиялық тетіктерге жиі жүгінуге мәжбүр. Мәселен, 46-шы Сингапур лекциясында Президен Қасым-Жомарт Тоқаев "соғысты тоқтатқаннан гөрі алдын алған абзал" деп мәлімдеді. Сондықтан Қазақстанның қорғанысқа қатысты саясаты – қандайда бір шиеленістің алдын алуға бағытталады. Әрине, Қазақстан армиясын мүмкіндігінше заманауи  қару-жарақпен қамтуға және оны жетілдіруге ерекше көңіл бөліп жатыр. Бұл бағыттар - еліміздің қазіргі мүмкіндіктері, әзірше бұл бағыттан басқа жол жоқ.

фото:спикердің жеке мұрағатынан 

 - Біз неге шетелден қару-жарақ сатып алуға мәжбүрміз? Неге отандық қорғаныс кешенінің дамуы кешеуілдеп қалды? Оларды жаңарту жұмыстары жүргізілуде ме? 

Шетелден қару-жарақ пен техника сатып алу - экономикалық тұрғыдан оңай емес. Алайда әлемдік қару-жарақ нарығында бұл өнеркәсіпті дамыту өте қиын дүние. Мысалы Түркияның өзі соңғы онжылдықта ғана әлемде қару-жарақ саудасында экономикалық алыптардың қатарына кірді, оның өзінде алғашқы 5-тікке енбейді. Әлемде Түркияның компаниялары үздік 100 компания тізіміне енді, ол үшін олар көп қаржы құйып, ғылымға көңіл бөлді. Елімізде ондай қадамдар жасауға мүмкіндігі аз. Егер халық санын, инфрақұрылым мәселесі және шикізатқа негізделген экономиканы ескерсек, біз 100 пайыз отандық өнім болатын қорғаныс кешенін жасақтай алмаймыз. Демек, экономикалық тұрғыдан тым ыңғайлы болмаса да, басқа мемлекеттерден қару-жарақ алып отырмақпыз. Мүлдем ұтылып жатырмыз деп кесіп айтуға болмайды, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі кейде ешқандай бағамен өлшенбейтін құндылық екенін түсінуіміз керек. Дегенмен техниканы жаңғыртуда экономикалық ұтылыстың бары рас.

Мәселен танк пен ұшақ кешенін толық жаңартуға ұзақ жылдар кетеді.  Оның үстіне әскери техника өте қымбат дүние. Бізде басқа да қаржыны молынан талап ететін сан-салалар көп. Олардың қаржыны алып, тек армияны күшейтіп отыратын мүмкіндігіміз жоқ. Тек әскерге басымдық беріп, қалған салаға көңіл бөлмесек, түбі опық жейтін елге айналамыз. Елдің армиясын жетілдіріп, қорғаныс қабілетін арттыру мәселесінде экономикалық тиімділік те жан-жақты ескеріліп отырады. Қазіргі Қазақсатынның басқа елдермен қарым-қатынасын қарасақ, солай болып көрінеді. Әлбетте мұнда үкімет пен Қорғаныс министрлігінің жеке құпия құжаттары да болуы мүмкін екенін ескеруге тиіспіз. Бізге мәлім ақпарат бойынша бүгінгі таңда аз-аздап әскери ұшақтарды жаңалап жатырмыз және танктерді модернизациялауда табысты нәтижелерге қол жеткізілді. Дрондарды сатып аламыз және өзіміз де шағын дрондарды жасауға ұмтылып та жүрміз. Бүгінгі таңда дрондар сынақтан өткізіліп жатыр. Онымен қоса, радиолокация жүйесін жаңартудамыз. Шетелден алып жатқан бронды автокөліктеріміз де бар. Осылайша бұл жұмыстардың бәрі Кеңес заманынан қалған ескі техникаларды алмастырады, алайда Қазақстан 2030-ға дейін әскери техниканың бәрін модернизациялаудан толықтай өткізеді деп ойламаймын. 2040-2050 жылдарға дейін ешқандай шиеленіске ұрынбай аман-есен жетсек, бәлкім сол кезде ел экономкасы өзін-өзі толық қамтамасыз етуге қауқарлы болатын шығар.

 - Қарулы күші мықты ел болу қаншалықты экономикасы мықты мемлекет болуға әсер етеді? Қандай да бір салада мықты доминаттылық бере ме?

Экономикасы мықты елдің қарулы күштері де мықты болады. Себебі, қарулы күштер құрылымы өте үлкен сала. Оның денсаулық сақтау, білім беру, байланыс, логистика жүйелері өз алдына жеке тақырып. Қарулы күштер экономикалық институт емес, одан мемлекет пайда таппайды. Егер қорғаныс өнеркәсібі кешені дамыса, одан ел пайда көруге алады. Өкінішке қарай, қорғаныс өнеркәсібі тым мықты дамымаған. Ал, қарулы күштерді ұстап тұру үшін мықты экономка керек.

Меніңше, ел экономкасы қуатты қорғаныс өнеркәсібі кешенін жасақтайтын деңгейге жетпеді. Еліміз шикізатты көп сатады, әлі терең өңдеуге ісіне жете қойған жоқ. Мәселен, "Арселормиттал Теміртау" компаниясы болат құяды, ал одан бронды техникға арнап болат құю үшін үлкен ғылым керек. Менің білуімше, әзірге бізде ондай үлкен лаброториялар мен арнайы орталықтар жоқ. Сондықтан компаниядан шыққан болат шетелге сатылады, оны сатып алған ел өзімізге қайтарып жібереді. Сондықтан экономика мықты болғанда ғана қорғаныс өнеркәсібін күшейтеміз және қуатты армия жасақтай аламыз.  

 - Украина-Ресей, Израиль-Хамас арасындағы соғыс жайлы ақпараттарды байқай келе қандай ойға келдіңіз? Мұны ескеріп, қазіргі таңда қандай қорғаныс кешенін дамыту керек?

Өз басым әуеқой шолушы ретінде Ресей-Украина, Израиль-Хамас арасындағы соғысты ұдайы бақылаймын. Сол кезде түсінгенім, 5-ші буынның бомбалаушы жойғыш ұшақтары мен шабуылдаушы ұшақтардың маңызы зор. Өйткені қазіргі соғыста қалқып келіп жарылатын бомбалар мен басқарылатын зымырандар өте жиі қолданылып жатыр. Бұл қарулар соғыс майданында артықшылық беріп отырғанын байқаймыз. Мысалы, Хамас қорғанысы мығым Израильге мыңдаған зымыран атқылады, ал Ресей Украинаға қарсы ескі бомбаларды басқарылатын деңгейге жеткізіп барып, қолданды. Осылайша жердегі шабуылдан гөрі әуе шабулы артқаны байқалады. Меніңше, дрондардың өзі әуе шабулының элементі. Олар барлау жүргізіп, кейін соққы жасап жатады. Демек, Қазақстан қорғанысын нығайту барысында ұшақ паркі мен оның байланыс желілерін жетілдіруге басымдық беруге тиіс. Екінші дүнижүзілік соғыстан қалған қару-жарақтардың көбі ескіре қойған жоқ, тек олар жетілдірілсе, әлі де қолданылатын секілді. Сондықтан еліміге әуе күштері, жылдам жүретін бронды көліктер мен өз басқарылатын көліктерді сатып алуға ұмтылу керек. Бірақ қандай техника алсақ та, маманның сапасы жоғары болғаны жақсы. Яғни адам дайындау мәселесіне ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Адам капиталы әркез маңызды.

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Ордабаев