Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин шикі мұнайды тасымалдауда мәселе туындауы мүмкін екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, мұнайды экспорттау - саяси-экономикалық мәселе.
"Сыртқа нарыққа шығарылатын мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Бұл маршрут мұнай компанияларына экономикалық тұрғыдан тиімді, ал екінші жағынан бұл инфрақұрылымда форс-мажор жағдай болса, еліміздің экономикасында күрделі проблемалар туындайды", - деді ол.
Жаңбыршин бұл мәселеге ерте бастан көңіл бөлу керек деген пікірде.
"Тиісті мемлекеттік органдар ықтимал тәуекелдерді азайту бағытында майдан қыл суырғандай қылып, шаруаны реттеу керек. Осы орайда балама маршруттар арқылы мұнай экспорттау көлемін арттыру - күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұл сұрақты Президент бірнеше рет көтерген болатын", - деді депутат.
Мәжіліс депутаты тиісті министрлікті мұнай өндіруші компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
"Энергетика министрлігі белгілі бір критерийлер мен заңды негіздерсіз мұнай-газ кәсіпорындарының өзі өндірген мұнайын қай бағытта және қандай көлемде жіберетінін дербес анықтап, жер қойнауын пайдаланушыны мұнай құбырларын еркін пайдалану мүмкіндігінен айырып отыр. Бұл жағдай кәсіпорындардың шығынын көбейтеді. Себебі көпшілігінің кен орындарындағы көмірсутек қорлары таусылуға жақын, олар мұнайды ішкі нарыққа әлемдегі мұнай бағасынан төмен бағамен сатады, ал мұнайды қайта өңдеу мен тасымалдау тарифтері қарқынды өсіп жатыр. Сондықтан Энергетика министрлігі мұнай өндіруші компаниялармен бірлесіп, ішкі нарыққа мұнай квотасын бөлу мен мұнай тасымалдау бағыттарын анықтайтын механизмді түсінікті, ашық, жемқорлықтан ада "ойын ережесі" бойынша жасақтау қажет", - дейді ол.
Еске салайық, бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасап, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тонна деңгейіне жететінін айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!