Қазақстан мұнай өндіруді азайтады

Қазақстан мұнай өндіруді азайтады
Фото: Tengrinews.kz

Мұнай өндіруші елдер өндіріс көлемін қысқартып жатыр. ОПЕК+ елдерінің шешімін қолдағандар арасында Қазақстан да бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Бұның себебі қазір сыртқы жалпы әлем нарығында тұрақтылық жоқ, мұнай саласында. Көлемін, қанша тұтынып жатқанын ешкім білмейді. Бағасына да дұрыс болжам жоқ. Соның бәрін ретке келтіру үшін осындай шешімге келіп отырмыз", - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Энергетика министрінің мәліметінше, мамыр айынан бастап жыл соңына дейін Қазақстан мұнай өндіруді тәулігіне 78 мың баррельге азайтады. Өндіріс қандай кен орындарында шектелетіні әзірше белгісіз. 2022 жылғы 5 қазанда Венада өткен ОПЕК+ кезекті отырысында ұйымға мүше мемлекеттер мұнай өндіруді тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту туралы ортақ мәмілеге келген.

Шектеу бірінші кезекте мұнайдың құнын көтеру мақсатында жасалып отыр. Бүгін BRENT маркалы мұнайдың бір бареллі 5 долларға қымбаттаған. Қазір мұнайдың бұл түрінің бағасы 85 доллардан асты. Экономистер мұнай бағасының өсуі ел экономикасына оң әсерін береді деп отыр.

"Мұнай бағасы жоғары болса, экпорт әлеуетіміздің жақсаруымен қатар, жалпы ішкі өнімнің өсуіне әсер етеді. Бюджеттің кіріс бөлімінің артуына, салықтан артуына әсер етеді және де ұлттық қордың түсімін арттырады. Белгілі дәрежеде оның оңтайлы әсері – осы. Түптеп келгенде, теңгенің тұрақты болып тұруына ықпалын тигізеді", - деді экономист Мақсат Халық.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан