Қазақстан молдовалық миллиардермен 14 жылдық дауға нүкте қойды

Қазақстан молдовалық миллиардермен 14 жылдық дауға нүкте қойды
Фото: коллаж: depositphoto, ашық дереккөз

Әділет министрлігі Қазақстандағы молдовалық бизнесмендер Анатол Стати мен Габриэль Стати арасындағы ұзақ мерзімді сот дауларын толықтай реттеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тараптар не дейді?

Тараптар арасында мұнай-газ активтері бойынша келісім жасалып, болашақта оларды қайта бастау құқығынсыз дауларды түпкілікті тоқтату туралы келісім орнады. Келісімнің нақты шарттары құпия.

"Бұл реттеу Қазақстанның инвесторлар құқықтарын құрметтейтін ел екенін тағы да дәлелдеді. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік инвесторлармен байланыстағы көшбасшылығын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз", - деп пікір білдірді Argentem Creek Partners компаниясының CEO-сы Дэниел Чапман. 

Әділет министрі Азамат Есқараев дауды реттеу шеңберінде республикалық бюджеттен қаржы жұмсалмағанын айтты. 

"Ұзаққа созылған бұл дау аяқталған соң, Қазақстан экономикасын дамыту мен инвестиция тарту үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Ең бастысы, бұл реттеу шеңберінде республикалық бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ", - деді ол. 

Стати дауының басталуы

1994 жылы Молдованың бұрынғы партия қызметкері Анатоль Стати ASCOM өндірістік-қаржылық тобының негізін қалап, Түрікменстанда, кейінірек Оңтүстік Судан мен Иранда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Қазақстанға 1999 жылы келді. Стати отбасы Қазақстандағы Боранкөл, Толқын және Табыл блогы кен орындарына пайдаланылмайтын лицензиялары бар екі компанияны сатып алған.

2008 жылы Стати Қазақстанның салық заңнамасын бұзғаны үшін айыпталды. Қазақстанның Қаржы полициясы Статиге тиесілі мұнай құбырлары магистральды, яғни лицензияда көрсетілмеген мұнай өндіру құбырлары ретінде анықталғанын айтты. Нәтижесінде компания басшылары заңсыз әрекеттер арқылы 140 млрд теңге шамасында қаражат жымқырды деп танылды. 2010 жылы өздеріне тиесілі бірнеше мұнай компанияларынан айырылған Стати отбасы Қазақстанда салған қаражаттарын қайтаруды талап етіп, арбитражды сотқа дейін жүгінді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет