Қазақстан мен Украина арнайы операция өткізді: 11 адам ұсталды

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен және екі елдің Бас прокуратураларымен бірлесіп, халықаралық қылмыстық топтардың call орталықтарын жою бойынша арнайы операция өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

28 мамырда Киевте Еуропа мен ТМД елдерінде синтетикалық есірткі өндіру және таратумен айналысқан қылмыстық ұйымға тиесілі call орталықтардың қызметі тоқтатылған.

Тергеу барысында бұл орталықтар адамдарды есірткі бизнесіне тарту үшін пайдаланылғаны анықталған. Операторлар мен менеджерлер Қазақстан аумағында есірткі жасырушы және есірткі ораушы қызметіне адамдар іздеп, оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған.

"Арнайы операция нәтижесінде 11 адам ұсталды. Олардың арасында ұйымдастырушылар, операторлар және адамдарды заңсыз жұмысқа тартумен айналысқан қызметкерлер бар. Тоғыз жерде тінту жүргізіліп, шамамен 40 мың АҚШ доллары, 10 мың еуро, Range Rover көлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленді. Тәркіленген техникадағы мәлімет зерттеліп жатыр", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз