Қазақстан мен Украина арнайы операция жүргізді: 9 адам ұсталды

Қазақстан мен Украина арнайы операция жүргізді: 9 адам ұсталды
Фото: ІІМ баспасөз қызметі

23 қыркүйекте Қазақстан мен Украина арнайы операция жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Черновцы мен Одесса қалаларында ұзақ мерзімді бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан call орталық жойылды.

Схема қалай жүзеге асқан?

ІІМ мәліметінше, күдіктілер алдын ала құрылған схема бойынша әрекет еткен. Олар жәбірленушілерге Қазақстанның Ұлттық банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері атынан қоңырау шалып, "күдікті операциялар", "террористік ұйымдарды қаржыландыру" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатты дроптардың шотына аударуға мәжбүрлеген. Осылайша психологиялық қысым жасаған.

Топ нақты иерархиядан тұрған. Әркім өз рөлін атқарған. Қылмыстық жолмен алынған ақша call орталықтың жұмысына, көлік сатып алуға және тағы да басқа нәрселерге жұмсалған.

"Кеңсені" ұстау үшін ұйымдастырушылар айына 60 мың АҚШ долларын жаратқан, ал күдіктілердің бірі кейінгі алты айда бес көлік сатып алған. Бір мезгілде күдіктілердің тұрғылықты мекен жайлары бойынша және сall орталықтың өзінде жүргізілген тінту барысында 30-дан аса компьютерлік техника, 79 ұялы телефон, sim карталар, киім-кешек, құқық қорғау және арнайы органдардың, Ұлттық банктің қызметкерлерінің жалған куәліктері, азаматтарды алдауға арналған түрлі жауап нұсқалары бар алдын ала дайындалған сценарийлер, сондай-ақ, басқа да айғақтар тәркіленді", - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.

Келген шығын

Алдын ала мәлімет бойынша қаскүнемдер Қазақстан тұрғындарын 900 миллион теңгеден аса сомаға алдаған.

Тоғыз адам ұсталды

Арнайы операция нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget