Қазақстан мен Ресейдің туристік әлеуеті талқылануда

Қазақстан мен Ресейдің туристік әлеуеті талқылануда
Фото: inform.kz

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында панельдік сессия өтуде.

Сессия жұмысын ашқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева қазақстандық туризм саласын дамыту және Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында осы саланы өркендетудегі жоғары мүмкіндіктер жайына тоқталды.

«Біз көздеп отырған мәселелер - олар жол мен көлік қолжетімділігі, қонақ үйлердің, әсіресе өңірлердегі қонақ үйлер қызметінің сапасы, көрікті орындарды ақпараттық жағынан қолдау.  Бұл мәселелер екі ел үшін де өзекті деп ойлаймын.  Біздің туристік саладағы ынтымақтастығымыздың әлеуеті қуатты.  Алдағы уақытта трансшекаралық бағдарлар тетігін жасауға, тұрақты авиарейстер мен темір жол қатынасы ауқымын кеңейту мен чартерлік рейстерді іске қосу арқылы көлік қолжетімділігін арттыруға дайынбыз», - деді Ю.Якупбаева.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда екі елдің алдында турөнімдердің сапасын көтеру, туркомпаниялар мен қонақ үйлердің, тамақтану орындарының, әуе тасымалдаушыларының, көлік компанияларының күшін біріктіру міндеттері тұрғанын атап өтті.

Сессия барысында тараптар туристік нарықты дамыту саласындағы идеялар және жетістіктер жайлы пікір алмасып, еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық үдерістерін жандандырудағы екі елдің осы саладағы өзара байланысы мүмкіндіктерін талқылауда.

Қазақстандық тарап халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі мен Астана қаласы және Маңғыстау облысының туристік әлеуетін таныстырды.

Ресейлік меймандар Қазақстан мен Ресей Федерациясының Челябі, Волгоград, Свердлов, Орынбор облыстары арасында туристер санын көбейту жайында өз көзқарастарын білдірді.

Марлан Жиембай
Дереккөз: inform.kz
 
Б. Қанатұлы