- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ресей мен Қазақстан
Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай энергетикалық жүйелері қатар жұмыс істейтін болады

Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің бірлескен жұмысын реттейтін келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Келісімге сәйкес тараптар жыл сайын Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесі арқылы Ресейден тасымалдауға жоспарланған электр энергиясы көлемін келісуге міндетті болады. Бұл ретте электр энергиясын беру қызметтерінің ақысы Қазақстанның тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген тариф бойынша жүзеге асырылады. Ол Қазақстанның жеке тұтынушылары үшін электр энергиясын тасымалдау тарифінен аспауы қажет.
Бұл тарифтердің өсуіне әсер ете ме?
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан электр энергиясын екі жағдайда сатып алады: тапшылықты жабу үшін және шекарадағы жоспардан тыс электр тасымалдары кезінде. Бұл үшін арнайы төлем режимдері қарастырылған.
"Қазақстан тарапы электр энергиясы үшін ғана төлем жасайды. Егер ауытқу 150 МВт-тан асып кетсе, электр энергиясының бағасынан бөлек, диспетчерлеу және "Россети" желілері арқылы тасымалдау ақысы төленеді. Ал жоспарлы тасымалдар электр энергиясының тапшылығын өтеу үшін нарық субъектілері арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте баға әртүрлі: себебі түсіндірілгендей, 1 кВт/сағ үшін 23 және 8 теңге аралығында", - деп мәлімдеді министр.
Қазақстан көрші елдерден, әсіресе қарбалас сағаттарда қымбат электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Өткен жылы белгілі бір мөлшерде электр энергиясы Өзбекстаннан алынған болса, қазір Ресейден сатып алынып отыр. Ондағы орташа баға - 1 кВт/сағ үшін шамамен 48 теңге.
"Бұл - мәжбүрлі шара, өйткені елде өз қуаты жеткіліксіз. Егер мұндай сатып алулар жүргізілмесе, ел ішінде электр қуатын шектеуге тура келер еді. Дегенмен бұл жағдай тұтынушылар үшін тарифтердің өсуіне әкелмейді", - деп сендірді Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетейік, құжатқа 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласында қол қойылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет