Ақтөбе облысындағы "Жайсан" көлік өткізу бекетінде Ресей Федерациясы бағытында келе жатқан 160-қа жуық жүк көлігі жиналып қалған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, бұл жағдай Ресейдің "Сагарчин" көлік өткізу бекетінде жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты болып отыр. 4 қыркүйектен бастап Ресей тарапы жол төсемін ауыстырып жатыр, осыған байланысты көлік қозғалысы бір жолақ бойынша кері режимде ұйымдастырылған. Бұл шекарадағы көлік жылдамдығына да әсер етіп отыр.
"Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Жайсан" өткізу бекетінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, Ресей тарапының мүмкіндігін ескеріп, көлік қозғалысын жеделдету бойынша шара қабылдап жатыр. Осы мақсатта өткізу бекетіндегі жұмыс күшейтілді, көліктер жақын маңдағы өткізу бекеттеріне ішінара қайта бөлініп жатыр, электрон кезектегі слоттардың саны түзетілді. Жүргізушілермен өткізу бекеті алдында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді комитет өкілдері.
Комитет жағдай үнемі бақылауда екенін хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз