«Росатом» мемлекеттік корпорациясының машина жасау дивизионы - «Атомэнергомаш» АҚ және «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ екі жақты ынтымақтастықты дамыту туралы келісті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты «Қазақстан инжиниринг» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық-ресейлік бизнес форум барысында тиісті келісімге «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ыдырысов пен «Атомэнергомаш» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Александр Ранцев қол қойды.
«Біз компаниялар арасында тығыз өзара іс-қимылды жаңа бастадық, бірақ ондағы үлкен синергетикалық әлеуетті қазірден бастап көріп отырмыз. «Қазақстан инжиниринг» - әр түрлі салаларда едәуір біліктілігі бар, ТМД елдеріндегі ең ірі инжинирингтік және машина жасау холдингтерінің бірі. Бірлесіп, біз Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі тапсырыс берушілерге жабдықтың үздіксіз жұмысын және жоғары экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін заманауи сенімді техникалық шешімдер ұсына алатынымызға сенімдімін», - деді А. Ранцев.
Сонымен қатар, Е. Ыдырысов қол жеткізілген келісулерді іске асыру энергетика және мұнай-газ салаларындағы ең ірі жобаларға бірлесіп қатысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Атомэнергомаш» АҚ-мен әріптестік заманауи технологияларды енгізу, өнімнің жаңа түрлерін жасау және «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін арттыру үшін пайдалы болады», - деп айтып өтті Е. Ыдырысов.
Компаниялар жылу энергетикасы саласы мен мұнай-газ саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға ниет білдіретіні туралы айтылды. Сондай-ақ келісімде ақпарат алмасу, тендерлік және коммерциялық ұсыныстарды бірлесіп дайындау мүмкіндігі, сондай-ақ ынтымақтастықтың басқа да нысандары көзделеді. Құжат 2017 жылдың соңына дейін қолданыста болады және тараптардың шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.