Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы “Жібек жолы“ пункті қайта ашылды

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жаңғыртылған "Жібек жолы" және "Гишт-Куприк" өткізу пункттері жұмысын қайта бастады. Жаңартылған инфрақұрылым қарбалас уақытта тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдай алады, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Түркістан және Ташкент облыстарын байланыстыратын нысандардың ашылуына Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев және Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.

Екі жаңа терминал салынып, қозғалыс жолақтары көбейді

Жаңғырту аясында ескі инфрақұрылымның орнына жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуық екі жолаушылар терминалы салынды. Бірі Қазақстанға келушілерге, екіншісі елден шығушыларға арналған.

Көліктерді тексеру үшін ауданы 6 мың шаршы метрлік ортақ қалқа орнатылды. Кіреберістегі қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға көбейтіліп, жолаушылар мен көлік ағындары бөлінді.

Терминалдарда паспорттық бақылауға арналған 82 кабина және 20 автоматтандырылған Qgate жүйесі бар. Олар бақылау рәсімдерінің бір бөлігін электронды форматта өткізуге мүмкіндік береді.

Кедендік тексеру үшін рентген аппараттары, жолаушылар сканерлері, радиациялық бақылау жабдықтары және автобустар мен жеңіл көліктерге арналған инспекциялық-тексеру кешендері орнатылған.

Қайта ашылуы екі ел арасындағы негізгі бағыттардың бірін қалпына келтіріп, жолаушылар ағынын тиімді бөлуге мүмкіндік береді.

"Біздің басты мақсатымыз – кедендік бақылаудағы қауіпсіздік пен сенімділіктің жоғары деңгейін сақтай отырып, әрбір азамат үшін шекарадан өтуді жылдамырақ, ыңғайлырақ және болжамды ету", – деді Жандос Дүйсембиев.

Туризм мен жолаушылар тасымалына серпін береді

Өткізу пунктінде жеке тұлғаларға, жеңіл автокөліктерге және жолаушылар автобустарына қызмет көрсетуге жағдай жасалған.

Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы отбасылық, білім алу және іскерлік сапарларды жеңілдетуге тиіс. Сонымен бірге автобус турларын, халықаралық жолаушылар тасымалын және Қазақстан арқылы өтетін транзиттік маршруттарды дамытуға мүмкіндік береді.

Мәди Такиев екі пункттің қатар ашылуы мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.

Қазақстанда 10 автомобиль өткізу пункті жаңартылды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қаржы министрлігі Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекарада 10 автомобиль өткізу пунктін жөндеп, іске қосты.

Биылғы он айда шекарадан өткен автокөліктер саны 23 пайызға артып, 1,7 миллионға жеткен. Ел бойынша кедендік төлемдер мен салық түсімдері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5 пайыз өсіп, 4,3 триллион теңгені, яғни шамамен 10 миллиард долларды құраған.

Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов және ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов та қатысты.